Қызылордада «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында 8 құқық бұзушылық анықталды
Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөренің тапсырмасы бойынша биыл 8-12 маусым аралығында Полиция департаменті және қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық шарасын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталмыш іс-шара мал ұрлығына қатысы бар адамдарды анықтап, оларды жауапкершілікке тартуға бағытталған.
Полиция қызметкерлері ветеринарлармен бірлесіп, құжатсыз жануарларды тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың жоқтығын анықтау үшін рейдтік шараларды өткізді. Ет павильондары, сауда орталықтары мен қалалық қасапханалар тексерілді.
Сонымен қатар, елді-мекендерге төрт мобильді топ, ет өнімін сататын базарлар мен орындарды тексеру үшін екі жұмыс тобы құрылып, жалпы 11 орын тексерілді.
Іс-шараның екі күнінде ветеринариялық инспекциясымен бірлесе отырып, мал базарға мал тиеп әкелген 30 автокөлік тексеріліп, құжатсыз мал тасымалдаған сегіз автокөлік жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406- бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің қорытындысы бойынша
бұрын жасалған мал ұрлығының үш дерегі ашылды. Полиция қызметкерлері 40-қа жуық мал шаруашылық фермаларын тексеріп, мал иелерімен профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Ұрлық қылмыстарының алдын алу полиция қызметкерлерінің басты назарында. Заң бұзушыларға қатысты заңға сәйкес қатаң шаралар қолданылатын болады. Қазіргі таңда полицейлер күшейтілген режимде жұмыс атқарады, – дейді Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы Ермек Искаков.