Қызылордада мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қызылордада көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпан күні сағат 19:00-де Қызылорда қаласы көшелерінің бірінде екі жеңіл автокөлік соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды. Апат салдарынан зардап шеккендер болған жоқ. Тексеру барысында жүргізушілердің бірінің көлікті мас күйінде басқарғаны белгілі болды.
Бұған қоса, аталған жүргізуші сот шешімімен 2020 жылдың желтоқсан айында алты ай мерзімге көлік басқару құқығынан айырылған болып шықты. Алайда, бұған қарамастан жүргізуші мас күйінде қайта көлік тізгіндеген.
Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 2-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Облыс орталығының 33 жастағы тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жол – көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарына жолдағы жауапкершіліктерін күшейтуді ескертеді.