Қызылордада мекеме аумағына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған күдікті ұсталды
Қызылордада мекеме аумағына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 қараша күні Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің жедел бөлімінің қызметкерлерінің ақпаратына сәйкес, мекеменің сыртқы қоршауында мекеме аумағына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған күдікті адамның жүргендігі анықталды. Жедел бөлімінің қызметкерлері дереу іске көшіп, арам ойын іске асырмақшы болған ер адам мекеме қызметкерлерімен құрықталады.
Бұл оқиға туралы «102» нөміріне хабарланып, мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды.
Ұсталған азаматты тексеру барысында полиэтилен пакетіне салынып, скочпен оралған өзіне тән хош иісі бар шөп тектес зат, 2 қорап «трамадол» дәрісі және «Samsung» , «Muzi» маркалы ұялы телефоны тәркіленеді. Тәркіленген зат бойынша сот сараптама жұмыстары тағайындалды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.