Қызылордада өзгенің көлігін мас күйде айдап кеткен жүргізуші қолға түсті
Қызылорда қалалық полиция басқармасы Ақсай полиция бөлімінің қызметкерлері өзгенің көлігін айдап кеткен 38 жастағы қала тұрғынын ізін суытпай ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 21 мамыр күні сағат 12:00 шамасында қала аумағында тұрған Deawoo Nexia көлігінің ұрланғаны жайлы жәбірленуші хабарлаған. Келтірілген материалдық шығын – 800 мың теңге. Дер кезінде барлық патрульдік қызметтерге ұрланған автокөлік бойынша бағыт-бағдар берілді.
Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде кезекші тәулікте күдікті ұсталды. Тексеру барысында ол ұрланған автокөлікті масаң күйде басқарғаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабының 1-бөлігімен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігімен әкімшілік хаттама рәсімделіп, іс жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы шарасы қолданылды.