Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада «Парасатты полицей» байқауы өткізілді

Қызылорда облысының полиция департаментінде «Парасатты полицей» байқауы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшыларының бойында Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайыстың ашылу салтанатында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермахан Абдраманов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес бүгін Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында “Парасатты полицей” байқауы өтті. Бұл байқау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Полиция қызметкерлерінің тілдік ортасын қалыптастыру, сондай-ақ тіл мәдениетіне тәрбиелеуде де байқаудың алар орны ерекше. Сол себепті де болар «Парасатты полицейге» қатысу – әр қызметкер үшін мәртебе. Бүгінгі байқауға қатысушы командаларға сәттілік тілеймін! Шын мықты команда жеңіске жетсін, – деді Е. Абдраманов.

Жыл сайын өтетін аталмыш байқау ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі мен полицей мамандығының беделін арттыру, ізгілік пен парасаттылық рухын арттыруды көздейді. Облыстық сайысқа сегіз команда қатысып, 40 полицей бар өнерін салып, өзінің командасының намысын қорғады. Тұрғындардың тыныштығын күзеткен сақшылар сахнада ән салып, әзіл айтып, би билеп, өнерлерін паш етті. Сондай-ақ мемлекеттік тiлдi жетiк меңгергендерiн көрсетiп, заңдар мен кәсіби терминдердің қолданылуы бойынша бiлiмдерiн танытты. Олардың өнерін қазылар алқасы бағалады.

Байқаудың әділқазылар алқасын Қызылорда облыстық филармониясы басшысының орынбасары, мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, сценарист, режиссер – Азиза Издикулова бастап, Қызылорда облысы Тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары  Жаныгүл Ерекешова және Қызылорда облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Марат Сүлейменов мүшелік етті.

Байқау қорытындысы бойынша Сырдария аудандық полиция бөлімінің «Сыр сақшылары» командасы жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Екінші орын Жалағаш аудандық полиция бөлімінің «Алмағанбетов арландары» командасына бұйырды. Ал Қазалы аудандық полиция бөлімінің «Жалын» командасы жүлделі үшінші орын тұғырынан көрiндi.

Сондай-ақ байқаудың қазылар алқасы ерекше өнер көрсеткен қатысушыларды бірнеше номинация бойынша марапаттады.

“Ұйымшыл команда” номинациясын Қармақшы аудандық полиция бөлімінің «Қорқыт қырандары» командасы, «Үздік сахналық көрініс» номинациясын Қызылорда қалалық полиция басқармасының «Айбар» командасы, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» – Шиелі аудандық полиция бөлімінің «Міндет.Абырой.Ерлік» командасы, «Өнерлі команда» номинациясы Жаңақорған АПБ «Аманат тобы» командасы және «Көрермен көзайымы» номинациясын Арал аудандық полиция бөлімінің «Теңіз тамшылары» командасы алды.

Жеңімпаз командаларға алғыс хаттар мен кубоктар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру