Қызылордада пәтер алаяғы құрықталды
Қызылордада ипотекаға баспана алып беремін деген алаяқ жәбірленушіден 350 мың теңге ақша алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда қоғамда алаяқтықтың түрі көбейген. Күн сайын мақсатына оңай жетуді көздеген адамдар ақшаларын алаяқтарға беріп, сан соғып қалуда.
Мәселен, 12 ақпан күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасына 31 жастағы қала тұрғыны осыдан үш ай бұрын ипотекаға үй алуға көмектесемін деген уәде беріп, сеніміне кіріп, 350 мың теңгесін алып қайтармай жүрген азаматшаға шара қолдану туралы арызданған.
Алаяқтық дерегі бойынша полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын сотты болған 52 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.