Қызылордада полицейлер білім беру ұйымдарында қауіпсіздік сабақтарын өткізуде
Қызылордада полицейлер білім беру ұйымдарында қауіпсіздік сабақтарын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл мақсатта Қызылорда облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері білім беру ұйымдарында арнайы қауіпсіздік сабақтарын өткізуде.
Мұндағы мақсат – балаларды түрлі қауіп-қатерден қорғау, оларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға үйрету және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Т.Жургенов атындағы №136 мектеп-лицейінде өткен қауіпсіздік сабағына 150-ден астам оқушы қатысты. Іс-шараға қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Р.Абдразакова, киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Н.Ермаханов, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Т.Ахмет және білім басқармасының тәрбие спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Ф.Дасаев қатысты.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау тақырыптарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Полицейлер киберқауіпсіздік тақырыбына да ерекше тоқталды. Оқушыларға әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты қорғау, бейтаныс адамдармен сөйлесудің қауіптілігі, күмәнді сілтемелерге өтпеу және интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді.
Бұдан бөлек полицейлер сабақ барысында есірткінің адам ағзасына және психикасына тигізетін зияны туралы айтты. Олар жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктің қалай басталатынын, есірткінің денсаулыққа, оқу үлгеріміне, отбасылық қарым-қатынасқа және болашаққа тигізетін теріс әсерін нақты мысалдармен жеткізді.
Жасөспірімдерді қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, бос уақыттарында пайдалы істермен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді. Сондай-ақ ұлттың бүгіні мен ертеңінің негізі саналатын балалардың жарқын болашағының бастауы – олардың қауіпсіздігі екендігін атап өтті.
