Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицейлер мерекелік салтанатты шара ұйымдастырды

Қызылордада полицейлер 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Қызылорда облысы полиция департаментінің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, тыл ардагерлері, "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.

Департаменттің мәжіліс залында салтанатты шара бастау алды. Қазақстан Республикасының Туы шығарылып, Әнұран орындалды.

Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген қызметкерлерге, ардагерлерге, тыл ардагерлеріне арнайы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденов ресми түрде құттықтау жедел хаты оқылды.

Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов антына адал қызмет етіп жүрген қызметкерлерді 7 мамыр мерекесі мен Жеңіс күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Өскелең ұрпақ аға буын ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Теңдессіз ерліктің күшімен келер ұрпаққа бейбітшілік әкелген Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір, игілік және ең бастысы – аспанымыз ашық, бейбіт өмір болсын деп тілеймін, – деді Серік Ергешов.

Ардагерлеріміздің ықылас-пейілімен, ізбасарларының жүрегіне құйған жігер-қуаты мен озық ойларының нәтижесінде Қазақстан полициясы қызметкерлерінің қатары нығайып, өркендеп келеді. Бұл ретте Қызылорда облысы полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов полиция қызметкерлерін құттықтады.

Айтулы мерекелерге орай ардақты ардагерлер мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше үлес қосқан бірқатар қызметкер марапатталды.

Әрі қарай дәстүр бойынша іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Мұндай мерекелік шаралар ішкі істер органдарындағы қызметкерлердің кәсіби рухын көтеруге ықпал етіп, ардагерлер мен жас буын арасындағы байланысты нығайта түседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру