Қызылордада полицейлер "Нәзіктік нұры – қоғам тыныштығының кепілі" атты мерекелік шара ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер "Нәзіктік нұры – қоғам тыныштығының кепілі" атты мерекелік шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қызылорда облысы полиция департаментінде "Нәзіктік нұры – қоғам тыныштығының кепілі" атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиында департамент басшылығы ішкі істер органдарында қызмет атқарған ардагер аналарды және бүгінгі таңда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген әйел-полицейлерді мерекемен құттықтады.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізген департаменттің бірқатар қыз-келіншектері марапатталды.
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов әйел-полицейлерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы және қызметтегі ерекше рөлін атап өтті.

— Сіздер бүгінде отбасы мен бала тәрбиесін қатар алып жүріп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ер азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп келесіздер. Ал ардагер аналарымыз саналы ғұмырларын ішкі істер органдарындағы жауапты қызметке арнап, бүгінгі күні үлкен құрметке ие болып отыр. Осы жарқын мереке күні сіздерге отбасы амандығын, зор денсаулық, адал махаббат пен шынайы сүйіспеншілік тілеймін, — деді Серік Ергешов.
Шара барысында бірқатар қызметкерлер мен ардагер аналар марапат төрінен көрінді. Жалпы мерекеге орай департамент бастығының бұйрығымен 150-ден астам әйел қызметкерге құрмет көрсетілді.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда ақ жаулықты аналар мен ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, жүрекжарды ақ тілектер айтылды.
