Қызылордада полицейлер ұрыны анықтады
Қызылордада полицейлер ұрыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде Қызылорда қалалық ПБ-на жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, саяжай учаскесінен белгісіз біреулер сыйымдылығы 10 текше метр металл бөшке мен құрал-саймандарды ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын 300 мың теңгені құрады.
Қылмысты ашу мақсатында полицейлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Күдікті 1995 жылы туған облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Оның осы тектес деректерге қатыстылығы анықталуда. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (Адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жасаған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция басқармасының басшылығы азаматтарға сергек болуды, сондай-ақ үйлеріне бейнебақылау камералары мен күзет дабылдарын орнатуды ескертеді. Сондай-ақ, пәтер ұрлығының алдын алу үшін кіреберіс есіктерді сенімді құлыптармен нығайту, ал терезелерге темір торлар орнату қажет.
Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.