Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі 42 азамат жұмыспен қамтылды

Қызылордада пробация есебіндегі 42 азамат жұмыспен қамтылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық пробация қызметінде қазіргі таңда 500-ге жуық сотталған азамат тіркеуде тұр. Оларды қоғамға бейімдеп, толыққанды өмірге қайта араластыру бағытында кешенді шаралар қолға алынуда. Солардың ішіндегі маңыздысы – азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту.

Жыл басынан бері пробация есебінде тұрған 42 жұмыссыз азамат қала әкімдігі бөлген арнайы квота негізінде еңбек нарығына тартылды. Бүгін олардың қатарына тағы бір азамат қосылып, тұрақты жұмысқа орналасты. Бұрын ұрлық жасағаны үшін үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген бұл азамат қазір пробациялық бақылауда.

– Жұмысқа орналасқаныма қатты қуанып отырмын. "Сотталған" деген сөзді естіген соң көп мекеме жұмыс беруден бас тартады. Өмір болған соң қателік кетуі мүмкін – бастысы, одан сабақ ала білу. Қазір пробация қызметкерлері маған психологиялық, құқықтық, медициналық тұрғыда көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ, сот тарапынан жүктелген міндеттерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, құқық бұзушылыққа қайта жол бермеу қажеттігін ескертіп отырады. Ендігі мақсатым – адал еңбек етіп, ата-анама, бауырларыма қолғабыс көрсету, – дейді жұмысқа орналасқан азамат.

Пробация инспекторы Мақсат Жұмабековтың айтуынша, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында қала әкімдігінің қаулысымен 42 жұмыс орнына арнайы квота бөлінген.

– Пробация есебінде тұрған азаматтар арасында жеке кәсіп ашуға ынталы жандар да бар. Қазіргі таңда кейбірі өз кәсібін бастап, табыс тауып отыр. Алдағы уақытта жұмыссыздықтың алдын алу және сотталған азаматтарды әлеуметтендіру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді әділет лейтенанты Мақсат Жұмабеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру