Есірткіге жол жоқ: Қарағандыда студенттермен кездесу ұйымдастырылды
Қарағандыда ІІМ өкілдері мен өңірлік кеңес есірткі қылмысының алдын алу бойынша бірлескен жиын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі қылмыстарының алдын алу – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Бұл салада жүргізіліп жатқан жұмыс қоғамда, әсіресе балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты әрі саналы өмір салтын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Осыған орай, Қарағанды қаласында ҚР Ішкі істер министрлігі жанындағы Есірткі қылмыстарының алдын алу жөніндегі кеңестің және Қарағанды қаласының өңірлік алдын алу кеңесінің бірлескен көшпелі шарасы өтті.
Кеңес мүшелері есірткіні тұтынуға қарсы күрес бойынша, оның ішінде студенттер арасында профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған кездесулер өткізді. Солардың бірі — Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде 180-нен астам студенттің қатысуымен өткен дәріс. ҚР ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуаныш Әлжанов жастарға интернеттегі манипуляциялардан қалай сақтану керектігін, есірткі таратуға немесе есірткі сайттарын жарнамалауға қатысудың салдары қандай болатынын түсіндіріп берді. Шынайы оқиғалар негізінде нақты мысалдар келтіріліп, жастарға даму үшін балама жолдар – спорт, волонтерлік, білім алу сынды мүмкіндіктер ұсынылды.
Сондай-ақ Қарағанды облысы полиция департаменті жанындағы отбасына көмек көрсету орталығының өкілдерімен кездесу және өңірлік ведомствоаралық штабпен кезектен тыс жұмыс кездесуі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында есірткі қылмыстарының алдын алудағы басым бағыттар мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды.
Бұл іс-шара — ҚР ІІМ-нің жастар үшін қауіпсіз және салауатты орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмысының бір бөлігі. Осындай кездесулер еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілетін болады.