Қызылордада пробация есебіндегі 52 сотталғанның тұрақты жұмысы бар
Қызылордада пробация есебіндегі 52 сотталғанның тұрақты жұмысы бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ден астам сотталған тұр. Пробациялық бақылауда белгіленген жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі.
Жыл басынан бері пробация есебіндегі 52 сотталған тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бүгін Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіндегі тағы бір азамат квотамен жұмысқа орналасты. Ол ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) сотты болып, сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына сотталып, пробациялық бақылау белгіленген. Түзу жолға түскен азамат екі қолға бір күрек табылғанына қуанып, пробация қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
– Тез арада жұмыс тапқаны ма қуанып отырмын. Сотталған дегенді естіген соң ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Шалыс басқанымды мойындаймын. Өмір болған соң, қателеспейтін адам болмайды. Пробация қызметкерлері психологиялық, құқықтық, медициналық көмектер беріп жатыр. Сонымен қоса, сот жүктеген міндеттерді түсіндіріп, құқық бұзушылыққа бармауымызды қатаң ескертуде. Жұмысымды жасап, ата -анама, бауырларыма көмек бергім келеді, – дейді есептегі слтталған.
Пробация инспекторы Қайсар Бақытжанның айтуынша, қазіргі таңда жұмыссыз сотталғандарды квота бойынша жұмысқа орналастыру жүргізіліп жатыр.
– Қызылорда қалалық пробация есебінде жұмыссыз 79 сотталған болатын. Оның 35-і квотамен жұмысқа орналасты. Жеке кәсіпке бет бұруға ниетті азаматтар да бар. Кейбір есептегі тұлғалар жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Жұмыссыздықтың алдын алу бойынша тұрақты түрде жұмыстар атқарылатын болады, – дейді Қайсар Бақытжан.