Қызылордада қоғамдық қауіпсіздік пен зайырлылық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Қызылордада қоғамдық қауіпсіздік пен зайырлылық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бет-әлпетті толықтай жабатын киім түрлеріне заңнамалық тұрғыда тыйым салынған. Осы талапқа сәйкес қоғамдық орындарда никаб, паранжа, балаклава, маска және тұлғаны тануға кедергі келтіретін өзге де киім үлгілерін киюге рұқсат етілмейді.

Аталған тақырып аясында "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" теолог маманы Бақтияр Оспанов және қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Раушан Абдразақова Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында соңғы бес жыл ішінде елімізде бет-жүзді жабатын маска мен өзге де құралдарды пайдалану арқылы 105 қылмыс жасалғаны жөнінде нақты мәлімет келтірілді.
Теолог мамандардың айтуынша, ислам дінінде бетті толық жабу парыз немесе міндетті діни талап болып саналмайды. Дәстүрлі исламның негізгі қағидаттары — әдептілік, ибалық және қоғаммен үйлесімді өмір сүру. Ал бетті тұмшалауды діни міндет ретінде көрсету көбіне радикалды ағымдардың ықпалымен таралатыны атап өтілді.

Өз кезегінде құқық қорғау органдарының өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарда бет-әлпетті толық жабатын киімдерге шектеу қойылғанын түсіндірді. Бұл норма қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұлғаны анықтауға және құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Сонымен қатар полицейлер Қазақстанда діни сенім бостандығына толық жағдай жасалғанын, алайда кез келген діни рәсім мен киім үлгісі қолданыстағы заң талаптарына қайшы келмеуі тиіс екенін жеткізді. Дін мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары мәдениет пен конфессияаралық келісім қағидаттары аясында жүргізілетіні де атап өтілді.
Іс-шара соңында студенттер зайырлылық қағидаттарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты әрі нақты жауаптар алды.
