Тәуелсіздікпен құрдас офицердің қызметтегі жолы
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген офицерлер аз емес. Олардың өмір жолы мен қызметі жас ұрпақ үшін үлгі, Отанға қызмет етудің айқын көрінісі. Солардың бірі – тағдыры Тәуелсіз Қазақстан тарихымен біте қайнасқан, ерлігімен елге танылған майор Ербол Отарбаев. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқи отырыңыздар.
Ербол Отарбаев 1991 жылғы 4 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Еңбекші ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Әкесі Есілбай Отарбай теміржол саласында еңбек етіп, адал маңдай терімен отбасының нәсібін тапса, анасы Күлайша Отарбаева бала тәрбиесіне бар күш-жігерін арнады. Отбасындағы тәрбие Ерболдың бойында жауапкершілік пен табандылық қасиеттерін қалыптастырды.
Мектепті 2008 жылы тәмамдаған жас азамат 2009 жылы Ақтау қаласындағы Ұлттық ұланның 6656 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылды. Әскери орта оның өмірлік таңдауын айқындап, болашақ мамандығына бағыт-бағдар берді.
2010 жылы №23 ҚАЖ мекемесінің №6 бекетінде сақшы болып тұрған сәтінде Ербол Отарбаев қарулы қылмыскерлердің қашу әрекетіне жалғыз өзі тосқауыл қойды. Тең емес жағдайда, қосымша күшсіз қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, ол бекетті соңына дейін қорғады. Нәтижесінде үш қылмыскер жойылып, бірнешеуі жарақат алды. Өзі де жараланғанына қарамастан, қызмет орнын тастап кетпей, әскери борышына адалдық танытты. Көрсеткен ерлігі үшін ол III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Бұл оқиға кейін "Шестой пост" атты көркем фильмге арқау болып, көпшілікке кеңінен танылды.
Мерзімді қызметтен кейін Ербол Отарбаев әскер жолын біржола таңдады. 2011 жылы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсіп, 2015 жылы оны үздік бітірді. Лейтенант шенін оған Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы салтанатты жағдайда табыстады.
Қызмет жолында ол Шымкент, Астана және Алматы қалаларындағы бірнеше әскери бөлімдерде жауапты міндеттер атқарды. 2023 жылдан бастап Ұлттық ұлан академиясында магистратурада білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырды.
Қазіргі таңда Ербол Отарбаев Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының көмекшісі қызметін атқарады. Ол жеке құрам арасында беделге ие, жас сарбаздарға әскери-патриоттық тәрбие беруге ерекше мән береді.
Айта кетерлігі, оның туған ағасы – Ерлан Отарбаев та осы әскери бөлімде 1-жедел мақсаттағы батальонда кинолог маманы ретінде қызмет етеді. Бұл – бір әулеттің Отан қорғау жолындағы адалдығының айқын көрінісі.
– Елімнің тарихының бір бөлшегі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Мен Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өстім, ал менің қызметім – оның қауіпсіздігі мен болашағына қосқан үлесім, – дейді Ербол Отарбаев.
Бүгінде ол тек кәсіби офицер ғана емес, үлгілі отбасы иесі. Жұбайы Күлсарамен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Отбасының қолдауы мен жылуы оған Отанға адал қызмет етуге күш-қуат береді.
Ербол Отарбаевтың өмір жолы – ар-намыс пен парызды бәрінен биік қойған, ел тәуелсіздігіне адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Мұндай тұлғалар – Тәуелсіз Қазақстанның тірегі, қоғамның мақтанышы.
