Қызылордада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде
Қызылордада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Профилактикалық шара кезінде тіркелген 147 қылмыстың 87-і «ізін суытпай» ашылса, бұрын жасалған 12 қылмыс ашылды.
12 тегіс ұңғылы атыс қаруы, заңсыз айналымнан есірткі заттарын тәркілеудің 12 дерегі анықталып, 27 пышақ тәркіленді. Жалға берілетін 480 пәтер тексерілді.
Қылмыстардың және жол апаттарының жасалуына ықпал ететін 1400 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен 293 азамат, ұсақ бұзақылық жасаған 507 тұлға, қару сақтау ережелерін бұзған 15 азамат, Қазақтан Республикасында тіркеусіз немесе тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз 441 тұрғын, көші-қон заңнамасын бұзған 34 шетелдіктер анықталды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басты мақсатқа қойылған.
– Жол апаттарының алдын алу мақсатында жыл басынан 3807 жол ережесін бұзу дерегі анықталды, оның ішінде жол көлік оқиғасына тікелей әсер ететін 731 өрескел бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, көлік құралын алкогольдік мас күйінде басқарған 104, қауіпсіздік белдіксіз 312, ұялы телефонмен сөйлескен 165, маневр ережесін бұзған 87, жолдың қарсы бағытына шыққан 7 жүргізуші және жол ережелерін бұзған 56 жаяу жүргіншілерге әкімшілік шара қолданылды, – деді Қызылорда облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Марат Рахметов.
Сонымен қатар, отбасы саласындағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыру мақсатында 24-30 қаңтар аралығында республика бойынша «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы жәбірленушілерді құқық бұзушылардан қорғау нұсқамасының 150-і шығарылды, 35 құқық бұзушының мінез-құлқына сот арқылы ерекше талаптар белгіленді және 413 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.
Полиция органдарының тізімдік есебіне маскүнем санатымен – 120, нашақор санатымен – 31, қолайсыз отбасылар санатымен – 23 тұрғын енгізілді.
Сонымен қатар, төрт ата-ана балаларды тәрбиелеуде жүктелген міндеттерін орындамағаны үшін соттың шешімімен ата-аналық құқығынан шектеуге және үш ата-ана балаларды тәрбиелеудегі міндеттерді бұзғаны үшін ата-аналық құқығынан айыруға тиісті құжаттар жинақталып, әкімдіктер жанындағы комиссия отырысына жолданды.
Мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында 16 маскүнемді алкоголизмнен еріксіз емдеу орталығына орналастыру үшін жинақталған құжаттар сот органдарына жолданды.
Іс-шара барысында көмекке мұқтаж 48 жанұя анықталып, оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс енгізілді.