Қызылордада қызмет бабында қаза болған полицейдің атына кадет сыныбы ашылды
Қызылордада қызмет бабында қаза болған полицейдің атына кадет сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Сыр өңіріндегі білім ошақтарының бірінде алғашқы әскери дайындық сыныбы ашылды. Сыныпқа ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған полиция лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі берілді.
Кадет сыныбы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінің № 131 орта мектебінде ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Б.Ә.Сәрменбаев, Қызылорда облысы олиция департаменті бастығының орынбасары О.Омаров, мектеп ұжымы, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы және оқушылар қатысты.
Кадет сыныбын ашудағы басты мақсат – мектеп оқушылары арасында құқық қорғау қызметінің беделін арттыра отырып, оларға әскери-патриотық тәрбие беру. Мұндағы тәрбиеленушілермен саптық, дене шынықтыру, атыс даярлығы (теория), медициналық дайындық, құқықтық, эстетикалық, алғашқы әскери дайындық, жолда жүру ережесі, патриоттық тәрбие сабақтары жергілікті полиция қызметінің мамандарымен бірлесе отырып жүзеге асырылады.
Қызылорда облысында бұл жобаны білім басқармасы мен полиция департаменті бірлесе қолға алуда. Шараға қатысушылар Талғат Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Небәрі 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған азаматтың бірі – Қызылорда облысы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы Талғат Қозыбаев. Ол ерлікпен қаза тапқан соң, ел Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік “Айбын” орденімен марапатталды.
Сондай-ақ қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне берілді. Ол оқыған № 131 орта мектебінің ауласында ескерткіш орнатылып, мектеп сыныптарының біріне аты берілді.
Шара барысында кадет сыныбының оқушыларына куәлік табыстау рәсімі өтті.
– Адамзаттың өмірін аман сақтаймын деп антына берік, еліне адал қызмет ету барысында өзгенің өмірі үшін жанын қиған әріптестеріміздің ерлігі мен батырлығы біздің есімізде мәңгі сақталады. Бүгінгі полицейлер үшін оның ерлігі патриотизм мен жанқиярлықтың үлгісі, – деді О.Омаров.
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров Талғаттың шаңырағына ат басын тіреді. Талғатты тәрбиелеген Есентай ағаның жағдайын сұрап, жылы лебізі мен шексіз алғысын білдірді. Бүгінде отбасының ақылшысы Есентай аға шөбересін бағып отыр. Немересі Алмат абыроймен тергеу саласында қызмет атқарып келеді.