Қызылордада сауда үйінің қызметкерлері жұмыс берушісіне тиесілі мүлікті қолды еткен
Қызылордада жұмыс берушісіне тиесілі мүлікті қолды еткен сауда үйінің қызметкерлері ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 26 ақпанында Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қалада орналасқан мекемелердің бірінің басшылығынан ұрлық фактісіне байланысты арыз түсті. Арызда ақпан айының 13-і мен 16-сы аралығында сауда үйінің қоймасынан белгісіз біреулердің су насосының қозғалтқышын, екі мұздатқыш пен алюминий сатыны ұрлап кеткендігі туралы баяндалған.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қоймаға ұрлыққа түскен екі күдіктіні анықтады. Олар осы сауда үйінің қызметкерлері болып шықты. Күдікті азаматтар ұсталып, Қызылорда қалалық Полиция басқармасына жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда орын алған оқиғаның мән-жайлары анықталуда.