Қызылордада сотталғандар коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салдырды
Қызылордада ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар коронавирустық инфекцияға қарсы екпе салдырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында екпе салдыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілуде.
Бүгін өз еркімен өтініш білдірген Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесіндегі сотталғандарға «Спутник V» вакцинасы егілді.
– Қазіргі кезде коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында салынатын вакцинаны алу әрбір адамның міндеті деп есептеймін. Вакцина салдыруға қуана келістім. Өйткені вакцина салдыру арқылы өзіңді де, өзгелерді де қорғайсың. Ешқандай жанама әсерлер бойымда байқалған жоқ. Қауіпті індетке қарсы вакцина ереже бойынша екі рет салынады екен. Енді екінші вакцинаны 21 күннен кейін салдыртамын, – деді сотталған.
– Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар вакцина алуға өздері өтініш берді. Бұған дейін жазасын өтеушілерге дәрігер мамандар коронавирусты инфекцияның алдын алу барысында вакцинаның маңыздылығы мен вакцинаны егу әдістері және вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде, бүгін өз өтініші бойынша 60-қа жуық сотталғанға «Спутник V» вакцинасы егілді, – деді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Ж.Әбдіқайыров.