Қызылордада сотталғандар жақындарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесті
Қызылордада сотталғандар жақындарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлықтарының негізінде Қызылордадағы ҚАЖ мекемелерінде осы жылдың 19 қаңтарына дейін шектеу шаралары енгізілді.
Шектеу шараларын қолданылу кезеңінде ҚАЖ мекемелерінің ішкі күн тәртібі уақытша өзгертілді. Кездесулердің барлық түрлері және таксофон арқылы сөйлесулер, оның ішінде бейнебайланыс арқылы сөйлесулер шектелген еді. Алайда төтенше жағдай режимі аяқталған соң кездесулер жанданып, бейнебайланыс арқылы сөйлесулерге рұқсат берілді.
Қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіндегі жазасын өтеушілер отбасымен бейнебайланыс арқылы байланысқа шығып, балаларын көріп, отбасының амандығын біліп, көңілдеріне медеу тұтып, бір қуанып қалды.
– Төтенше жағдай режимі кезінде отбасыммен сөйлесе алмадым. Қазір ғана балаларыммен сөйлесіп, амандығын біліп, қуанып отырмын. Мен үшін отбасымның амандығы бірінші орында. Балаларым – баға жетпес байлықтарым. Аман-есен жазамды өтеп, отбасыма тезірек оралсам деймін. Балаларыммен сөйлесуге мүмкіндік берген мекеме әкімшілігіне алғысым шексіз, – деді сотталған.