Қызылордада тергеу изоляторына әкелінген палау ішінен телефон шықты
Қызылордада тергеу изоляторына әкелінген палау ішінен телефон шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 мамырда сағат 16:30 шамасында Қызылорда қаласы ЗК-169/1 мекемесінің сәлем-сауқаттарды қабылдау бөлмесіне келген Б. есімді азаматтың әкелген азық-түлігін тексеру барысында тыйым салынған зат анықталды.
Нақтырақ айтар болсақ, бір реттік ыдысқа салынған ыстық палаудың ішінен фальга қағазына оралған бір HUAWEI телефоны мен бір Beeline SIM-картасы табылды.
ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) сегіз жылға сотталған ағасына жаны ашып, тыйым салынған затты өткізбекші болған бұл азаматтың өзі енді жауапқа тартылады. Себебі ұялы телефонды жасырып өткізбекші болған азаматтың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ісі сотқа жолданды.