Қызылордада учаскелік полиция инспекторларына жаңа автокөліктер берілді
Қызылордада ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай учаскелік полиция инспекторларына жаңа автокөліктер берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және облыс әкімдігінің қолдауымен Қызылорда облысы Полиция департаментінің автопаркі жаңа автокөліктермен толықты.
Жол талғамайтын тұлпарлар учаскелік полиция инспекторларының иелігіне берілді. Бұл көліктер заманауи жабдықталған. Бүгінгі жаңа автомобильдердің басым бөлігі аудан орталықтары мен облыстың шеткері орналасқан елді мекендеріне жөнелтіледі.
Қазақ елінің ұлық мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қызметкерлерді марапаттады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шара облыс орталығында орналасқан Рәміздер алаңында өтті.
Шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің арнайы құттықтау жедел хаты оқылды.
Министр бұйрығымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, халықтың құқығы мен бостандығының қорғалуы жолында ерекше көзге түсіп, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген қызметкерлер марапатталды. ПД бастығы Сұлтан Бектөренің бұйрығымен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатар қызметкерлерге жаңа шендер табысталды.
– Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі тұлғасы учаскелік полиция инспекторы екендігін атап өтті. Бұл ретте учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде арттыру, оған нәтижелі жұмыс үшін барлық мүмкіндіктерді беру тапсырылды. Учаскелік полиция инспекторларын қажетті техникамен қамтамасыз етіп, мәртебесін көтеру — Президенттің және Ішкі істер министрінің «Халыққа жақын полиция» қағидаты бойынша нұсқауын сапалы және уақтылы орындауларына мүмкіндік береді, – деді Сұлтан Бектөре.
Сонымен қатар, бүгінгі салтанатты шара барысында полиция қатарына қосылған жас қызметкерлер ант қабылдады.