Қызылордада ұрлықпен айналысқан жас жігіт ұсталды
Қызылордалық полицейлер дәмханадан техника ұрлаған жігітті қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны белгісіз біреудің түнде өзінің дәмханасының есігін кілтпен ашып кіріп, сол жерден теледидар, жарық және музыка шығаратын құрылғыны, дауыс күшейткіші мен бірнеше дискіні ұрлап кеткені туралы хабарлаған.
Келтірілген шығын шамамен бір миллион теңгені құрады.
Қызылорда қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қала орталығындағы көшелердің бірінен күдікті азамат ұсталды.
Ол бұрын сотталған, жұмыссыз, 17 жастағы жігіт болып шықты.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.