Қызылордада зейнеткерлерге сан соқтырған алаяқ құрықталды
Қызылорда облысында зейнеткерлерді алдап, әрқайсысынан 35 мың теңгеден алған алаяқ әйел әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
31 қаңтар күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасына екі қала тұрғыны арызданған. Олар 18 қаңтар күні белгісіз азаматшаға Сарыағаш қаласына санаторийге жолдама алып беру үшін 35 мың теңгеден ақша берген. Алайда алданғандарын түсінген кезде полицияға жүгінген.
Бұл факт бойынша өткізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қызылорда қаласының 35 жастағы тұрғыны құрықталды. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.