Қызылордада жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 566 жүргізуші анықталды
Қызылорда облысында жыл басынан бері автокөлікті мас күйінде басқарудың 532 дерегі анықталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді. Осындай рейдтерге күн-түн демей шыққан патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері автокөлікті мас күйінде басқарудың 532 дерегін анықтаса, қайта құқық бұзушылық жасағандардың 34 дерегі тіркелді.
29 желтоқсан күні түнгі уақыт 01:48 шамасында Шұғыла мөлтек ауданында жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Toyota Highlander автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында 42 жастағы қала тұрғынының құжаты жоқтығы анықталды.
Жүргізуші 2021 жылдың шілде айында соттың шешімімен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен көлік құралын жүргізу құқығынан жеті жылға айырылғандығы белгілі болды.
Сараптама қорытындысынан азамат “орта дәрежедегі” мас күйінде болғандығы анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Автокөлік қазіргі уақытта айыппұл алаңында.