Қызылордағы тергеу изоляторын депутаттар аралады
Қызылордағы тергеу изоляторын депутаттар аралады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 ақпанда Қызылорда қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1 мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Қызылорда қаласы мәслихатының депутаттары келіп, қамауда жатқандардың жағдайларымен танысты.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттаттары Берік Дүйсенбинов пен Ерлік Өмірғали “Ақжол” ҚДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ж. Пірманов, қалалық мәслихат депутаты Ғ.Байсейітов және Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД басшылығы тергеу изоляторының режимдік корпустарын аралады.
Алдымен мекеменің кезекші бөлімінде болып, ондағы тергеу, адвокаттар, кездесу және таксафонмен сөйлесу бөлмелеріндегі жағдайлармен танысты. Бұдан соң ішкі ғимараттағы мекеменің асханасына барып, қамаудағыларға дайындалып жатқан ас мәзірін бақылап шықты.
Одан соң мекеменің медицина бөлімінің жабдықталуын көріп, арнайы процедуралық бөлмелерді аралады.
Аралау барысында мекеме бастығы А.Тасқараев қамаудағы азаматтарға медициналық көмектің тиісті деңгейде жасалып жатқандығын, облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып олардың толық профилактикалық тексерістен өткендігі туралы және тергеу изоляторы қызметін ұйымдастыру мен қаңтар оқиғасы кезінде қамалғандарды тергеп-тексеру тәртібі жайлы ақпарат берді.
Мәжіліс депутаттары қапастарға кіріп, онда қамауда ұсталу жағдайларын көрді. Қаңтар оқиғасына қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қамауда отырған азаматтардың қылмысын ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын және қамауда ұстау санкцияларын жеңілдету жөнінде сотқа және құқық қорғау органдарына ұсыныс беру үшін келгендігіндіктерін айтып жеткізді.
Ал күдіктілер мен айыпталушылар сұрақтарын қойып, мекемедегі ұстау жағдайларына, оның ішінде азаптауларға қатысты шағымдарының жоқ екендігін айтты. Керісінше, күдіктілер өздерінің денсаулық жағдайларының бірқалыпты екендігін, жеке тергеу істері бойынша тергушілермен, адвокат және заңды өкілдерімен кездесулер заң шеңберінде болып жатқандығын жеткізді.
Бұдан соң депутаттар мекеменің жеке құрам қызметкерлерімен жиын өткізді. Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов төтенше жағдай кезіндегі жеке құрамға ел қауіпсіздігін сақтау жолында уақытпен санаспай қызмет атқарғандары үшін алғысын айтты.
Сын сағатта ел тыныштығын қорғай білген құқық қорғау қызметкерлеріне ел Тәуелсіздігін нығайту жолындағы адал қызметіне ризашылығын білдірді.
Жиын соңында ҚАЖ департаментінің бастығы Ш.Есенкелдиев іс-сапармен келген халық қалаулыларына алғысын білдірді.