«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы: Павлодарда заңсыз қару сақтаған 76 адам ұсталды
Павлодарда «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында заңсыз қару сақтаған 76 адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының басынан бастап полиция қызметкерлері 288 қылмысты ашты. Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны, алып жүргені үшін 76 адам ұсталды және тергеушілер іздеуде жүрген 15 адамды іздестірді, оның ішінде 11 адамға өткен жылдары іздеу жарияланған және төртеуі – биыл.
– Барлығы 5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын, атап айтқанда тіркеусіз тұру қағидаларын немесе жеке басты куәландыратын құжаттарды бұзған азаматтарға қатысты 2 мыңнан астам әкімшілік хаттама жасалды. Ұсақ бұзақылық жасаған 800-ден астам адам анықталды. Алкогольді ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін 1466 адам жауапкершілікке тартылды. Патрульдеу кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс жолдарында мас күйінде көлік басқарған 105 жүргізуші анықталды, автокөліктер айыппұл тұрағына қойылды. Қабылдау-тарату орнына 34 адам орналастырылды, 2 025 адам дактилоскопияланды және фото-бейне есепке алынды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Спикердің айтуынша, Павлодар облысының барлық аумағында қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Оның шеңберінде жалға алынатын пәтерлерді, қонақ үйлерді, базарларды және тексеруге жататын басқа да объектілер тексерілуде. Сондай-ақ жеке автокөлікті тексеру жүзеге асырылады, азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру жүргізіледі, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар анықталады. Атыс және суық қаруды және тыйым салынған заттарды алып жүруге және тасымалдауға жол берілмейді.