Цифрлық сервистер – полицияға ақпаратты жедел жеткізудің тиімді жолы
Цифрлық сервистер – полицияға ақпаратты жедел жеткізудің тиімді жолы, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заманауи цифрлық сервистер Павлодар облысының тұрғындарына құқық бұзушылықтар туралы полицияға тікелей хабарлауға мүмкіндік береді. Бұл қызметті "Egov Mobile" және интеграцияланған банк қосымшалары арқылы пайдалануға болады. Қолданушылар мәтіндік немесе бейнеөтінішті арнайы белгіше арқылы жібере алады.
Келіп түскен ақпарат жедел түрде полицияға жолданып, қызметкерлер қажетті шараларды қабылдайды. Сервис тәулік бойы еліміздің барлық аумағында қолжетімді. Ол – Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында ішкі істер органдары қызметін цифрландырудың бір бөлігі.
Жыл басынан бері цифрлық сервисті 1564 адам пайдаланған. Оның ішінде 299 өтініш "Омникалды" мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен. 734 өтініш "Egov Mobile" арқылы, 483 өтініш "Kaspi.kz" қосымшасы арқылы және 19 өтініш HalykBank арқылы келіп түскен.
Мәселен, "Омникалды" қосымшасы арқылы Павлодар қаласының тұрғыны Geely Atlas автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзғаны туралы хабарлаған. Келіп түскен ақпарат бойынша полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, оны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
– Кері байланыстың цифрлық арналары азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы жедел хабарлауға, ал полицияға келіп түскен ақпаратқа уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Өзара іс-қимылдың бұл форматы полиция жұмысының халық үшін барынша ашық әрі қолжетімді болуына ықпал етеді, – деді Павлодар облысы ПД жедел басқару орталығының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
