Маңғыстау жолдарында дрондар арқылы бақылау күшейтілді
Маңғыстауда дрондардың көмегімен 220 жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 8 дрон қолданылады.
Дрондар республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда жол қозғалысы қағидаларының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.
Әуе бақылауының нәтижесінде жол ережелерін бұзған 220 жүргізуші анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Атап айтқанда, дрондардың көмегімен жол белгілері мен таңбалары талаптарын сақтамау, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзу, көлік басқару кезінде телефон немесе радиостанция пайдалану, қарсы қозғалыс жолағына шығу және өзге де құқық бұзушылықтар тіркеледі.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
