Қызылорда тұрғыны ҚАЖ мекемесіне телефон лақтырмақ болған жерінен ұсталды
Қызылорда тұрғыны ҚАЖ мекемесіне телефон лақтырмақ болған жерінен ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында түзеу мекемесіне тыйым салынған затты жеткізбек болған азамат ҚАЖ қызметкерлерінің қырағылығы арқасында дер кезінде ұсталды.
Оқиға №60 мекемесінің аумағында болған. Мекеме маңында күдік тудырған азаматтың жүргенін байқаған ҚАЖ қызметкерлері жедел әрекет етуі нәтижесінде ұсталып, 102 нөмеріне хабарлаған. Нәтижесінде оқиға орнына Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды.
Ұсталған азаматты тексеру барысында скотчпен оралған белгісіз заттың ішінен телефон мен қуаттағыш құрылғысы табылып, тәркіленді.

Аталған дерек бойынша екі азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Қызылорда қалалық әкімшілік сотына жолданды.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті жедел тобының аға жедел уәкілі Дастан Сайдильдиновтің айтуынша, жыл басынан бері түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасаудың 15 дерегі тіркелген.
– Оның ішінде 5 дерек бойынша телефондар мекеме аумағына лақтырылмақ болған. Ал 10 жағдайда тыйым салынған заттарды сәлем-сауқат арқылы өткізуге әрекет жасалған. Тыйым салынған заттарды мекемеге жеткізуге байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгеніне қарамастан, мұндай заңсыз әрекеттер әлі де кездеседі. Сондықтан азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырамыз. ҚАЖ қызметкерлері мекеме аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тыйым салынған заттардың ішке өтуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді, – деді Дастан Сайдильдинов.
