Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Із кескен маман: криминалистің жауапты қызметі

Абай облысының Бесқарағай ауданында табылған ер адамның кім екенін сыртқы келбеті арқылы анықтау мүмкін болмады. Алайда саусақ іздеріндегі қайталанбас өрнек марқұмның жеке басын ашуға мүмкіндік берді. Бұл міндетті полиция қызметкері, криминалист Айбек Молдаханов орындады. Оның кәсіби тәжірибесі мен мұқияттылығы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

2025 жылы Абай облысының Бесқарағай ауданында ер адамның мәйіті табылды. Марқұмның қайтыс болғанына біраз уақыт өткендіктен, оның кім екенін сыртқы келбетіне қарап анықтау мүмкін болмады. Осы кезде аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі Айбек Молдаханов дактилоскопиялық әдісті қолданып, марқұмның жеке басын анықтады.

Бұл оқиға Абай облысы полиция департаменті ұсынған "Криминалистің бір күні" айдарының кезекті шығарылымында баяндалды.

Айбек Молдаханов полиция қызметіндегі еңбек жолын 2014 жылы сержант шенінде бастаған. 2018 жылы криминалист лауазымына тағайындалды. Бүгінде ол Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі қызметін атқарады. Қызмет жылдарында түрлі қылмыстық істерді тергеуге қатысып, соның ішінде кісі өлтіру деректері бойынша оқиға орындарын қарау жұмыстарына атсалысқан.

Криминалистің жұмысы асқан ұқыптылық пен мұқияттылықты талап етеді. Өйткені оқиға орнында көзге елеусіз көрінген кез келген зат немесе із тергеу үшін маңызды айғаққа айналуы мүмкін. Аяқкиім ізін басып кету, шыны сынығын байқамай орнынан қозғау сияқты әрекеттер дәлелдемелердің сақталуына кері әсер етуі ықтимал.

Сондықтан криминалист ең алдымен оқиға орнын бастапқы қалпында тіркеп, жалпы көрінісін суретке түсіреді. Одан кейін жекелеген заттар мен іздерді жақыннан түсіреді. Жалпы фотосуретте іздің оқиға орнындағы орналасуы көрсетілсе, жақыннан түсірілген сурет оның бедері мен өзіндік ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік береді. Бұл материалдар кейін салыстырмалы зерттеу жүргізу кезінде қажет болуы мүмкін.

Бесқарағай ауданында табылған марқұмның жеке басын анықтау барысында Айбек Молдаханов дактилоскопиялық әдіске жүгінді. Бұл әдіс адамның саусақ іздеріндегі папиллярлық өрнектерді зерттеуге негізделген. Мамандар саусақ ұшындағы сызықтардың аяқталу нүктелерін, тармақталуын және өзара орналасу ерекшеліктерін салыстырады. Осындай жеке-дара белгілердің жиынтығы арқылы адамның кім екенін анықтауға болады.

Нәтижесінде криминалист марқұмның жеке басын анықтады. Осылайша, адам танымастай өзгерген дене сыртқы белгілері арқылы танылмағанымен, саусақ іздеріндегі қайталанбас өрнек маңызды сұрақтың жауабын табуға көмектесті.

Криминалистің жұмысы оқиға орнынан оралған соң да жалғасады. Жиналған заттай дәлелдемелер мен іздер белгіленген тәртіппен қапталып, таңбаланады. Олардың табылған орны мен ерекшеліктері оқиға орнын қарау хаттамасында егжей-тегжейлі көрсетіледі.

Кейін тергеу барысында белгілі бір деректерді нақтылау қажет болған жағдайда, тергеуші фотоматериалдарға қайта жүгініп, заттардың бастапқы орналасуын басқа дәлелдемелермен салыстыра алады. Сондықтан оқиға орнында жинақталған әрбір мәліметтің дәл әрі толық тіркелуі айрықша маңызға ие.

Айбек Молдахановтың қызметтік тәжірибесі криминалист жұмысының жауапкершілігі жоғары әрі аса мұқияттылықты қажет ететінін көрсетеді. Оқиға орнындағы іздер мен заттарды дер кезінде анықтап, дұрыс тіркеу тергеудің нәтижелі жүргізілуіне ықпал етеді. Кейде бір ғана іздің өзі талай сұрақтың жауабын табуға жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру