ШҚО-да полиция 73 мыңнан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Шығыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған "Тоқта, алаяқ" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екі ай ішінде полицейлер өңірдің 73 599 тұрғынына кең таралған алаяқтық схемалары мен ақшалай қаражатты қорғау жолдары туралы ақпарат берді.
Профилактикалық жұмыстар тұрғындардың тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ еңбек ұжымдары мен оқу орындарында жүргізілуде. Полиция қызметкерлері 16 578 пәтер мен жеке тұрғын үйді аралап, 20 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты. Сонымен қатар ұйым қызметкерлері мен білім алушылардың қатысуымен 241 кездесу өткізіліп, оған 20 мыңнан астам адам қатысты.
Азаматтарды қорғаудың нақты тәсілдеріне де ерекше назар аударылуда. 2 мыңнан астам тұрғын eGov порталы арқылы несие алудан ерікті түрде бас тарту қызметін пайдаланса, тағы 500-ден астам адам әлеуметтік желілердегі "КиберПол" парақшасына жазылған. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында профилактикалық бағыттағы 150-ден астам материал жарияланды.
Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырады: бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздер мен банк картасының деректерін бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыз.
"Тоқта, алаяқ" профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Басты мақсат – тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, алаяқтық әрекеттерді дер кезінде тануға үйрету және азаматтардың ақшалай қаражатын жоғалтуына жол бермеу.
