Қызылордалық полицейлер адасып кеткен баланы тауып, анасына табыстады
17 мамыр күні сағат 10:50-де Қызылорда қалалық Полиция басқармасына немересінің жоғалып кеткені туралы жергілікті тұрғын арызданған. 16 мамырда келіні жеті жасар ұлымен бірге қонаққа келген. Бала әжесінің үйінде қалуды жөн көреді. Келесі күні таңертең такси жүргізушісіне нақты мекен-жайын көрсетіп, әйел немересін көлікке отырғызып, анасына жіберген. Шамамен бір сағаттан кейін келініне қоңырау шалған арызданушы, баланың үйге әлі келмегенін біліп, дереу 102 арнасына хабарлама түсіреді.
Аталған дерек бойынша іздеу шаралары дереу ұйымдастырылды. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының барлық жеке құрамы дабыл бойынша көтеріліп, баланы іздеуге бағытталған. Баланы барлық жерден іздеген полицейлер, үй маңайындағы барлық жерді тінтіп шыққан.
Іздестіру жұмыстары аясында анықталғандай, такси жүргізушісі көрсетілген мекен-жайды таппай, баланы әжесі отырғызған жерге қайта апарып тастаған. Осылайша жасөспірім бала үйді шатастырып, жоғалып кеткен.
Ювеналдық және криминалдық полиция қызметкерлерінің, учаскелік полиция инспекторлар мен патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің нәтижесінде бір сағат ішінде кәмелетке толмаған бала табылып, анасына аман-есен тапсырылды. Баланың анасы полицейлерге қызметі мен жеделдігі үшін алғыс айтты.