Қызылордалық полицейлер балалар ауруханасына асхана жабдықтарын тарту етті
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтан «Балаларға жылу сыйла» атты қайырылымдық іс-шарасын ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сыр сақшылары көпсалалы облыстық балалар ауруханасының 1-педиатрия бөліміне барды. Бұл бөлімде эндокринологиялық және неврологиялық аурулармен ауыратын балалар ем қабылдайды. Жалпы бөлім 20 адамға арналған, мұнда жылына 1500-ге жуық бала ем алады.
Бектөре Сұлтанмен ұйымдастырылған бұл игі шараның мақсаты – балалардың жеке қасиеттерін дамыту, бір-бірін сыйлауға, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпай ұстауға жетелеу.
Шара барысында департамент басшылығы Ардагерлер кеңесінің және жеке құрам атынан облыстық балалар ауруханасы бөлімшесінің асханасына қажетті құрал-жабдықтарды сыйға тартты.
Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары Пазылбек Налибаев мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбаев балаларға жылы лебіздерін білдіріп, тәттілер мен сыйлықтар таратты. Балалар ауруханасының басшылығы бүлдіршіндерге мерекелік көңіл
күй сыйлаған тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.