Қызылордалық полицейлер өрт шыққан пәтерден тұрғынды құтқарды
Жыл басынан бері қызылордалық полицейлер алты өрт шыққан үйге дер кезінде жетіп, тұрғындарды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы орайда айта кетелік, 13 шілде күні сағат 15:20 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің қызметкерлеріне Титов қыстағы Қоғалы көпқабатты үйінің тұрғынынан хабарлама түскен. Басқарманың жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторлары полиция капитаны Руслан Байзақ пен полиция аға лейтенанты Әділжан Жұбатқанов пәтерге дер уақытында жетіп, өрт шыққан пәтерден ұйықтап қалған адамды аман-есен шығару мақсатында пәтердің есігін бұзып кірген.
Тәртіп сақшысы тілсіз жаудың ортасынан егде жастағы азаматты өрттен құтқарып қалды. Полицейлер өрт сөндіру қызметі мен жедел-жәрдем шақыртып, тұрғынға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Үй иесі зардап шеккен жоқ.
– Адамдарды апаттан құтқарып қалу – біздің қызметтік те, азаматтық та парызымыз. Біз сол сәтте ерлік жасайық, көзге түсейік деп ойлаған жоқпыз. Бар мақсатымыз – адамдарға көмектесу, – дейді учаскелік полиция инспекторы Әділжан.