Қызылордалық полицейлер тұрғындарды қалта ұрыларынан сақтануға кеңес береді
ҚР ІІМ-нің «Ұрлыққа қарыс іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қалта ұрлықтарының алдын алу, ашу және жолын кесу мақсатында Қызылорда қалалық Полиция басқармасы бастығының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдың маусым айының 13-20 күндері аралығында «Қалта ұрысынан сақтан!» жедел–профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталмыш іс-шараға Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 50 қызметкері жұмылдырылды.
Іс-шара барысында қала тұрғындары көп шоғырланатын орындарда, яғни Жаңа базар, «Сыбаға» базары, «Қорқыт», «Айтбек», «Отырар», «Жайна», «Мирас» ірі сауда үйлері, «Автовокзал» маңында, сонымен қатар қала аумағындағы аялдамалар жанында дыбыс күшейткіш құралдарымен қалта ұрлықтары бойынша сақтық шаралары халыққа ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Яғни, халық көп шоғырланатын орындарда, оның ішінде қоғамдық көліктерде қолсөмкелер мен әмияндар, сыртқы қалталарға салынған ұялы телефондарды ұрлатып алудан сақ болу керектігі, сонымен қатар ұрлықтың шарттары мен себептерін, сондай-ақ қылмыстық қол сұғушылықтан мүлікті қорғаудың ықтимал тәсілдерін халыққа түсіндіре отырып, сауда орындары, базар аумақтары, қоғамдық автокөлік, аялдамаларға учаскелік полиция инспекторларымен үндеу парақшалары ілініп, тұрғындарға таратылды.
Сонымен қатар қала орталығында қоғамдық көліктердегі қалта ұрлығының алдын алу мақсатында «автобустар» мен «газель» автокөліктеріне сыйымдылығынан артық адамдарды мінгізуіне тосқауыл қойылып, патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен 30 қоғамдық автокөліктердің құжаттары тексеріліп, сыйымдылығынан артық адам тасымалдағаны үшін 9 жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593–бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы 62 505 теңге айыппұл салынды.
Қылмыстардың алдын алу және ашу мақсатында тиісті жұмыстар жалғасын табатын болады.