Қызылордалық полицейлердің аналары төсбелгімен марапатталды
Қызылордалық полицейлердің аналары төсбелгімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция батальонының қызметкерлерінің аналарына төсбелгілер табысталды. Бұл марапатқа алғаш рет 70 қызметкердің анасы ие болды.
Қызылордалық Сара Шотаева анамыздың қуанышында да шек жоқ. Себебі еліміздің ең айтулы мерекесі қарсаңында оны Полиция басқармасында қызмет ететін ұлының әріптестері құттықтауға келді. Олар тек ыстық ықыласын білдірмей, арнайы төсбелгі де табыстады.
«Офицердің анасы» медалін алған тұрғын бұл мерекенің ерекше есте қалатынын айтты.
Аталмыш шара Қызылорда қалалық ПБ-ның ғимаратында басқарма бастығы Әбдібек Жаназаровтың қатысуымен өз жалғасын тапты.
– Өте қуаныштымын. Өте бақыттымын. Қызымның осындай жетістіктерге жетіп, басқарма тарапынан марапатталып жатқаны мені үлкен қуанышқа бөледі. Қызымның осындай дәрежеге жетіп, анасын құттықтап, төсбелгі беріп, алғыс хат беріп құттықтап жатқан менің балама да мыңда бір алғыс айтамын, – деді «Офицердің анасы» төсбелгісінің иесі Гүлбаршын Кунтажиева
Дәл осындай төсбелгі 70 анаға табысталды. Олардың барлығының да балалары Қызылорда қалалық Полиция басқармасында жұмыс істейді.Айта кетейік, мұндай марапат басқармада бұрын-соңды берілмеген.
– Басқармада қызмет атқарып жатқан қызметкерлердің жұмыс барысындағы адал еңбектері және де жұмыс барысында жетіп жатқан жетістіктерін негізге ала отырып, мекеменің басшылық құрамамымен зерделеп әрбір қызметкердің жұмысына баға беріп, қызметкерлердің аналарын естен шығармай, мейрам қарсаңында құттықтауды жөн көрдік, – деп сөз сөйледі Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров.