Ресейден Қарағандыға тауар жеткіземін деп азаматтарды алдаған алаяқ қолға түсті
Ресейден Қарағандыға тауар жеткіземін деп елді алдаған алаяқ қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне алаяқтың құрығына түсіп, алданып қалған жеке кәсіппен айналысатын екі тұрғыннан арыз түсті. Белгілі болғандай, жәбірленушілердің азық-түлік сататын (біреуінде Қарағанды, екіншісінде Абай) сауда нүктелері бар. Жәбірленушілер сауда-саттығын жүргізу мақсатында тауар алмақшы болып, әлеуметтік желілердің бірінен Ресей Федерациясынан тиімді бағаға тауар жеткіземіз деген хабарламаны көрген. Сол хабарламадағы ақпараттар арқылы жәбірленушінің бірі белгісіз азаматтың есепшотына 1,1 млн теңге ақша аударса, екіншісі 2,8 млн теңге қаражат жіберген.
Келісім бойынша тауар былтырғы жылдың желтоқсан айында келу керек болған. Алайда арада ай өтседе тауар келмей, жәбірленушілер алданғандығын біліп, полицияға арызданды. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 38 жастағы азаматша анықталып, ұсталды. Ол жасаған қылмысын мойындады.
Аталған дерекке байланысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері барысында күдікті азаматшаның осыған ұқсас тағы да 4 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта күдіктінің жәбірленушілерге келтірген шығын көлемі анықталып жатыр.