Сайрамда бейнекамералардың көмегімен 870 құқық бұзушылық анықталды
Сайрамда бейнекамералардың көмегімен 870 құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде Сайрам ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау мақсатында 30-ға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Атап айтсақ, бейнебақылау камералары Ақсу кентке кіреберіс жолдар, көше қиылыстары мен қоғамдық орындарға қойылған. Яғни, қоғамдық тәртіп тәулік бойы сақшылардың назарында.
Одан бөлек, жыл басынан бері аудан орталығында орын алған бес қылмыстың «ізін суытпай» ашуға дәл осы бейнебақылау жүйесі ықпал етті. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың үш айы ішінде барлығы аталмыш камералармен 870 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бейнекамералар көмегімен 3 779 әкімшілік құқық бұзушылық белгілі болған.
Мәселен, ақпан айында үйінен шығып, қайта оралмаған кәмелет жасқа толмаған балалар дәл осы бейнекамералардың көмегімен «ізін суытпай» тәулік ішінде табылып, отбасымен қауышты.
– Әкімшілік құқық бұзушылықтардың ішінде көбіне автокөліктердің жаяу жүргіншілер жолағында жол бермеуі, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерлерде жолдан өтуі, автокөліктерді рұқсат етілмеген жерге қою және маневр жасау ережелерін бұзу кездеседі. Жол қиылыстарында орнатылған бейнекамералардың 360 градусты толық қамтитын қабілеті бар. Сонымен қатар, бейнежазбалар ұзақ уақытқа дейін сервер жадысында сақталады, – деп атап өтті кезекші бөлімінің бастығы Аманжол Алибеков.