Сайрамда тұрғын үйге ұрлыққа түскен тұрғын ұсталды
Түркістан облысының полицейлері тұрғын үйге ұрлыққа түскен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, өз үйіне белгісіз біреулер ұрлыққа түскенін хабарлайды. Жәбірленушінің айтуынша, оның үй ауласында орналасқан жаздық демалыс орнында тұрған «LG» маркалы теледидарын және «wifi» құрылғысын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгеден астам. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Үйге ұрлыққа түскен ұрыны ұстау мақсатында, аудандық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды.
Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білгендерден жауап алады. Тыңғылықты жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, екі тәулік ішінде өзінің тұрғынжайынан ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті оңай жолмен ақша таппақ болған. Осылайша тұрғын үйге ұрлыққа түсіп, қолына ілінгенін алып кеткен. Күдікті өз кінәларын толық мойындап отыр. Ол ұрланған заттардың бірін жарты бағасына ломбардқа өткізіп, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жіберген. «Wifi» құрылғысын өзі пайдаланып жүрген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері, азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлігіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін, терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерін мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда, жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет, бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.