Сайрамдық сақшылар 3 тәулікте 500-ге тарта құқық бұзушылықты анықтады
Сайрамдық сақшылар үш тәулікте 500-ге тарта құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық Полиция басқармасының полицейлері бірінші кезекте профилактика, екінші қоғамдық қауіпсіздік саласы, үшінші жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күнделікті қарқынды қызмет етіп келеді. Осы ретте сайрамдық сақшылармен тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, көліктер, адамдар көп шоғырланатын нысандар, қоғамдық орындардың тыныштығының сақталуы мұқият тексерілді. Егер де қандай да бір құқық бұзушылық анықталса, заң аясында тиісті шара көріледі. Тіркелген қылмыстар болса, оның ашылуына байланысты жедел жұмыстар атқарылып, өз нәтижесін береді. Нақтырақ айтсақ, осындай кезекті профилактикалық іс-шара кезінде Сайрам ауданында 3 күнге созылған барлығы 482 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық -10, тыныштықты бұзу- 3, алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу-13, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болудың – 13, Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұрудың – 14, жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзу – 43, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына берудің бір жайты және басқа да баптар бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, хаттамалар толтырылды.
Мысалы, Ақсукент ауылы Табиров-Жібек жолы көшелерінің қиылысында полицейлер, жол жүрісіне кедергі келтіріп келе жатқан «ВАЗ-2103» маркалы көлікті тоқтатады. Оның құжаттарын тексеріп, тиісті хаттамасын толтыру кезінде жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екендігіне күдік туындайды. Медициналық тексеруден өткізілгенде шымкенттік тұрғынның шынында көлігін мас халде басқарғаны анықталды. Аталған азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 594-бабы (Жол қиылыстарынан өту қағидаларын бұзу немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өту) бойынша хаттама толтырылып, 608-бап (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды. Ал көлігі айыптұраққа қойылды.