Сайрамдық сақшылар жүк тасымалдау және жол қозғалысы ережесін сақтау мақсатында рейд жүргізуде
Сайрамдық сақшылар жүк тасымалдау және жол қозғалысы ережесін сақтау мақсатында рейд жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz
Әлеуметтік желіде жүк көлігінің өртеніп жатқан кезінен ақпарат тараған болатын. Желіге үнемі мониторинг жүргізіп отыратын полицейлер бұл жайтты бірден назарға алды. Нәтижесінде, оқыс оқиға Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы көшелерінің бірінде орын алғаны анықталды. Бұл жайт бойынша полицияға ешкім хабарлама түсірмеген, яғни арызданбаған. Алайда сол аумаққа белгіленген учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Өрт салдарынан зардап шеккен адамдар жоқ. Ал аудандық ТЖ басқармасы қызметкерлері оқиға болған жерде жұмыс жасап, өртке оранған КамАЗ жүк көлігіне қатысты іс құжаттарын жинақтады. Бұл оқиғаның мән-жайы анықталуда. Қазіргі уақытта Сайрам аудандық ПБ-ның қызметкерлері өрттің алдын алу, болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда.
Шынында қазір шөп тасымалдаудың қызған шағы. Яғни, Сайрам ауданы аумағында жайылым мен егістік алқаптарынан шөп тиеген жүк көліктерінің қозғалысы жиілеген. Сонымен қатар, ауа райының ыстық кезеңінде өрт қауіпі басым. Осыған байланысты Сайрам АПБ-ның қызметкерлері жолдарда автокөліктердің жол жүрiсi қағидаларында көзделген жүктердi тасымалдау талаптарының сақталуын, соның ішінде шөп тасымалдау кезінде шамадан тыс артылуын болдырмау мақсатында жүк көліктеріне тексеру жүргізуде.
Сайрамдық сақшылар тексерістің алғашқы күні ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабының 1-бөлігімен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушылар мен жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) алты хаттама толтырып, айыптұраққа екі автокөлік қойылды. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігімен (Құжаттары және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) екі дерек, 593-бабының 2-бөлігімен (Қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану қағидаларын сақтамау) жеті дерек, 591-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) екі дерекке қатысты әкімшілік жауапкершілігі қаралды.