Сайрамдық сақшылар жыл басынан бері 40-қа жуық мас жүргізушіні анықтады
Сайрамдық сақшылар жыл басынан бері 40-қа жуық мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында күнделікті рейдтік-профилактикалық жұмыстарды жүргізіп келеді. Жылдамдықты асырмау, қарсы бағытқа шықпау, ең бастысы мас халде көлікке отырмау керектігі жүргізушілерге үнемі ескертіліп отырады. Соның ішінде заң қатаңдатылғанымен, ішімдік ішіп көлік басқаратындар аз емес.
Сайрам ауданы бойынша 2021 жылдың 11 айында мас күйде көлік жүргізудің 37 дерегі анықталды. Мәселен, сайрамдық сақшылар тек бір тәулік ішінде аудан аумағында масаң күйде көлік басқарған бес жүргізушіні ұстады. Полиция қызметкерлері аталған жайттарға байланысты ӘҚБтҚ-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жауапкершілікке тартып, іс құжаттарын аудандық сотқа жолдады. Соның нәтижесінде жүргізушінің екеуі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, тағы екеуі 20 тәулікке қамалды. Сонымен қатар аталмыш төрт көлік жүргізушісі жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Ал бесінші жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-тармағымен 20 тәулікке қамауға алынды.
Осы тұста Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соғуы мүмкін.