Сайрамдық жігіт досының қымбат көлігін заңсыз сатып жіберді
Сайрамдық жігіт досының қымбат көлігін заңсыз сатып жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, өзінің досы сеніміне кіріп, құны 10 млн теңге тұратын BMW көлігін уақытша пайдалануға сұраған. Алайда бір айға дейін көлігін қайтармай, әр сылтауды бір айтып, алдап жүрген.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Сайрамдық полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдіктіні анықтау мақсатында ақпарат жинады. Нәтижесінде, күдікті деп танылған жергілікті тұрғын өз мекенжайынан ұсталды.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат жәбірленушінің көлігін алаяқтық жолмен басқа адамға 12 млн теңгеге сатып жіберген. Сондай-ақ, көліктен түскен ақшаны өзінің қалтасына басқан. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеріп, тергеу амалдарын жүргізуде.