Сақшылардың денсаулығы – сенімді қолда
Маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай Polisia.kz редакциясы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарайтын емханасы бар орталық госпиталінде денсаулығы сыр берген сақшылардың сырқатын жазып, сапта қайтадан тік тұруына жағдай жасайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегі туралы баяндайды.
Бұған госпиталь қызметкерлерінің кәсіби білімі де, науқасты мерзімінен бұрын айықтыратын риясыз көңілі де көмектеседі. Себебі госпиталь бастығы, медицина ғылымының докторы Аманжол Байменов дәрігерлер мен науқастар арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Оның айтуынша, олар науқасқа қойылған диагнозды емес, пациенттің өзін емдейді.
– Біздің мекеме – ішкі істер органдары қызметкерлері мен оларды отбасы мүшелерінің денсаулығына жоғары жауапкершілікпен қарайды. Тәртіп сақшылары үнемі қызмет барысында жүргендіктен, дәрігерге тұрақты қаралуға уақыты бола бермейді. Сондықтан біздің госпитальға науқас бір аурумен түссе, оның өзге де қосалқы ауруларын да емдеуге барымызды саламыз, – дейді медициналық мекеме бастығы Аманжол Байменов.
Байқағанымыздай, 2015 жылы пайдалануға берілген мекеме әлі де өз қалпында. Госпиталь ішкі істер органдары қызметкерлеріне тек ауырған кезде көмек көрсетумен шектелмей, алдын алу шараларына да басымдық береді. Жылына бір рет қызметкерлерді міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіп отырады. Аты айтып тұрғандай, госпиталь емханадан және станционардан тұрады. Емханада терапия, хирургия және стоматология бөлімшелері науқастарды қабылдайды. Ал станционарда терапия, кардиология, неврология, жалпы хирургия, урология, травматология және ортопедия, анестезилогия, реаниматология және интенсивті терапия, операциялық блок, қабылдау бөлімшелері бар. Мұнда науқастар күндіз-түні бақылауда болып, дертіне шипа табады. Қазіргі таңда госпитальде 392 адам жұмыс істейді. Оның 94 дәрігер, 138 медбике бар.
Полиция қызметкерлерінің сағаттап тұрып, белі қайысатын, қауіпке тап болып, омыртқасы майысатын сәттері де аз емес. Неврологиялық бөлім меңгерушісі Гүлнар Тоқтасынқызының айтуынша, әсіресе, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторларының киімі де, қолындағы құрал-сайманы да күш түсіретінін жасырмады. Сол себепті тәртіп сақшыларын омыртқа аурулары жиі мазалайды. Белі бүгіліп, еңкейіп келгендерді 7-10 күннің ішінде бәйгеге қосқан тұлпардай қайтадан еңсесін тіктеп жібереді. Бүгінде неврология бөлімінде 21 науқас ем алып жатыр. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келетін полиция қызметкерлерін және сала ардагерлерін кездестіруге болады. Сонымен қатар науқастар тез айығуы үшін негізгі еммен қатар, физиотерапия және реабилитация бөлімшесінен қажетті медициналық көмек те алады. Бұл бөлімшенің басты ерекшелігі сол, инсульттан кейінгі немесе бұлшық ет қызметі бұзылғанда жағдайды тез қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Арнайы дене қозғалысын арттыруға арналған жаттығу залдары да бар. Массаждан бастап, су арқылы емдеудің түрлі қызметтерін ұсына алады. Атап айтсақ, төменгі және жоғары дене буындарына арналған бұлауда (ванна) отыру науқастың салқын тиген дене аймағына оңтайлы әсер етеді.
Екі аяғын ыстық суға салып, дене буынына ем алып жүрген науқастардың бірі – 55/73 әскери бөлімінің қызметкері. Ол әскери бөлімде 2015 жылдан бастап қызмет атқарады. Денсаулығына байланысты алғашында кардиология бөліміне мамыр айының аяғына келіп түскен. Құлағына суық тиіп, маусым айының басында неврология бөліміне ауыстырылған. Қазіргі диагнозы – неврит. Бүгінде бет бұлшық еттерінің қызметі бұзылып, аузы қисайған. Ұлттық ұлан ефрейторы госпитальдағы дәрігерлер мен мейірбикелер, тіпті санитарлық қызметкерлердің күтімі мен бақылауына дән риза. Қан құрамындағы инсулин мөлшеріне байланысты диета тағайындап, он күннен бері дұрыс тамақтануына да назар аударған. Госпиталь тамақтары көңілінен шығатынын жеткізді. Госпитальдің емханасында жылына орта есеппен 16-17 мың қабылдау жүргізіледі.
Стационарда жылына екі жарым мың құқық қорғау органдарының қызметкері қаралып, дертіне шипа табады. Оған қоса мыңға жуық пациент медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша емделеді. Қазір станционарда бас-аяғы 120 науқас ем алуып жатыр.
Салыстырмалы түрде айтсақ, терапия, кардиология, неврология және травматология бөлімшелерінде науқастар саны көбірек. Анестезилогия, реаниматология және интенсивті терапия бөлімшесінде операция жасалғаннан кейін науқастар белгілі бір уақыт аралығында бақылауда болады, біршама уақыттан соң өз бөлімшелеріне ауыстырылады. Айта кетерлігі, бұл бөлімшеге тек жағдайы өте ауыр науқастар түседі.
Медициналық мекемедегі сәулелік диагностика бөлімшесі, клиникалық диагностикалық зертхана мен бактериологиялық зертхана жұмысының да маңызы жоғары. Мәселен, бактериологиялық зертхана науқастың ағзасындағы қан құрамының қою немесе сұйық екенін анықтайды. Сонымен қатар 15 гормон қызметінің көрсеткішін де таразылайды. Мұнда түскендер анализ тапсыру үшін әр жерге барып, табанынан тозбайды. Жаңа технологиялық жабдықтардың көмегімен бірнеше минут ішінде диагноз қою барысындағы жұмыстар өз кезегімен жүргізіледі. Сонымен қатар магнитті-резонансты томография (МРТ) жасалатын бөлмеге бөгде адамдар кіргізілмейді. Себебі науқас МРТ-дан өтер алдында денесіндегі темір бұйымдарды шешіп, арнайы дайындық ережесімен ішке кіргізіледі.
Мекемеге тіркелген ішкі істер органдарының ардагерлері де госпиталь қызметіне жиі жүгінеді. Солардың бірі – еліміздің шығысынан келген сала ардагері Қайырғазы Закиров. Жасы – 63-те.
– Госпитальға Семей қаласынан келіп, осымен екінші рет ем алып жатырмын. Дәрігерлер, мейірбикелер бәрі жақсы қарайды. Жүрегіме екі стенд қойылған. Одан басқа да қосалқы ауруларым бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын келіп жатқанымда, оң өзгерісті байқадым. Шыны керек, қазіргі қан қысымым – 120/80. Туған кездегідей десем де болады. Бұл орын жақсы болғасын қайта-қайта келеміз. Тағы бір айтатыны, госпитальда тәртіп бар. Кешкі сағат 22.00-ден кейін дәлізге шығуға ұяласың. Тыныштық сақталады, науқастардың тез сауығуына мұның да өзіндік орны бар деп ойлаймын, – дейді кардиология бөлімінің емделушісі.
Мекеме бастығы, госпитальдің бас дәрігері бізбен бірге ескертусіз барып, бірнеше бөлімді аралады. Науқастардың халін сұрады. Бәрінің алғыстан басқа айтары жоқ. Аманжол Байменов науқастар бұлай ризашылық білдіруі үшін мықты кадр таңдауға айрықша көңіл бөлетінін жасырмады. Кәсіби біліктілігі жоғары, адам тәнімен қатар, жанын емдеуге ұмтылатын қарамағындағы қызметкерлерінің әрбірі мақтауға тұрарлық екенін айтты.
Госпитальда жылына 600-ге жуық операция жасалады. Олардың дені – бүйрек аурулары кезінде және несеп шығару жүйесіндегі консервативті жолмен емдеуге келмейтін диагноздар негізінде. Сонымен бірге асқазан, ішек жолдары, бауыр мен өт жолдарының патологияларын хирургиялық жолмен емдеу мақсатында операция жасалады. Тірек-қимыл аппаратының зақымданулары мен түрлі жарақаттарға да ота жасау қарастырылған. Полиция қызметкерлері уақытпен санаспай жұмыс істейтіндіктен, олар дұрыс тамақтанбайды, уақтылы ұйқыға көп көңіл бөлмейді. Бұл өз кезегінде ағзада гормондар балансының сақталмай, олардың қызметінің бұзылуына әкеледі.
Мекеме бастығы госпитальдың жалпы хирургия, урология, травматология және ортопедия бөлімшелерінде әлеуеті жоғары кәсіби мамандар операция жасайтынын тілге тиек етті. Атап айтсақ, жалпы хирургия бөлімшесінен М.Құспанов, Д.Шалбаев, урология бөлімшесінен И.Сисекеев және ағайынды дәрігерлер Чичеревтер. Сондай-ақ травматология және ортопедия бөлімшесінен А.Байманов, А.Ақан, Т.Амренов отаға кіреді. Ал операциялық блокта белгілі хирург, ҚР Еңбегі сіңірген қайраткері, профессор С.Тоқпановтың кеңес беріп, операцияларға белсенді қатысатынын атап өткен жөн.
Осыған қарап-ақ тәртіп сақшыларының денсаулығы сенімді қолда екенін аңғаруға болады. Қос саланың қызметкерлері осылайша бірінің жүгін екінші жеңілдетіп, антқа адалдық жолында еңбек етіп келеді.
Гауһарай Аманғалиқызы,
суреттерді түсірген Медет Әшірбек