Сақтықта қорлық жоқ: полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр
Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша егде жастағы азаматтар интернет-алаяқтыққа жиі тап болады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері арнайы профилактикалық шараны қолға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала әкімдігінен зейнеткерлердің ресми тізімі алынып, полицейлер қазір олардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тәртіп сақшылары әр зейнеткермен жеке кездесіп, интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлерін, олардың әдістерін және одан сақтану жолдарын мысалдар арқылы түсіндіруде. Олар бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу жөнінде кеңес береді.
Сондай-ақ полицейлер өз байланыс нөмірлерін қалдырып, күмәнді жағдай туындаған кезде бірден хабарласуға болатынын ескертіп жатыр.
Түсіндіру жұмыстары алғашқы нәтижесін беруде. Жақында бір зейнеткер күмәнді қоңырау алғаннан кейін, бұған дейін оны құлағдар еткен полицейге хабарласып, шотындағы қаражатын сақтап қала алды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері 300-ге жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркеліп, келтірілген шығын 900 миллион теңгеге жеткен. Полиция алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр.