Сарыағаш полицейлері сатылымда тұрған ұялы телефонды ұрлаған шымкенттік әйелді ұстады
Сарыағаш полицейлері сатылымда тұрған ұялы телефонды ұрлаған шымкенттік әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға ұрлықтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның сауда орталықтардың бірінде орналасқан ұялы телефон сататын дүкенінен белгісіз біреу сөресінде тұрған Spark 6 ұялы телефонын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.
Тәртіп сақшылары хабар алысымен оқиға орнына жедел жетті. Ұрлық жайты орын алған аумақтың барлығын жіті тексеріп, куәларден жауап алды. Дүкен ішіндегі бейнебақылау камераларын тексерген сәтте, ұялы телефонды жымқырған күдіктіні байқады. Полицейлер осы бағыттағы жұмысты одан әрі жүргізіп, күдікті әйелдің жеке басын анықтады. Ол бұрын қалта ұрлығын жасап, сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Айғақты зат ретінде ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Белгілі болғандай, күдікті айналасында адамдардың жоқтығын пайдаланып, сөреде тұрған ұялы телефонды білдіртпей алып кеткен. Осылайша қолды еткен затын үйіне алып барып, өзі пайдалану мақсатында жасырған.