Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта ақбөкеннің мүйіздерін сатқан браконьер ұсталды

Түркістан облысының полицейлері «Қызыл кітапқа» енген ақбөкеннің мүйіздерін заңсыз сатқан браконьерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.

Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлеріне белгісіз біреулердің «Қызыл кітапқа» енген ақбөкен жануарының мүйізін заңсыз сатумен айналысып жатқаны жайлы шұғыл ақпарат түседі. Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде Сарыағаш АПБ мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлесіп, тәулік ішінде қылмысқа қатысы бар браконьерді ұстады. Сондай-ақ күдікті азаматтың үйінен айғақты зат ретінде 35 келі болатын ақбөкен мүйіздері тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі бес миллион теңгеге жуық.

Белгілі болғандай күдіктінің Қарағанды облысының жергілікті тұрғыны екені анықталды. Бүгінгі таңда күдікті азамат Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұсталған ер азамат қолхатта. Тергеу барысында оқиғаның толық мән-жайы анықталатын болады.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындардан және қонақтардан табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға және құрып кету қаупі төніп тұрған «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар мен өсімдіктерге құрметпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру