Сарыағашта бір күнде ұйымдастырылған 3 той тоқтатылды
Түркістан облысында тәулік ішінде карантин режимін сақтамай үш той жасаған тойхана иелері анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде коронавирус індетінің кең етек алғаны барлығымызға белгілі. Осы тұста Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері карантин режимінің сақталуын қатаң түрде бақылауда. Тәртіп сақшыларының күнделікті жүргізген іс-шараларының нәтижесінде Сарыағаш ауданында шектеу шараларын сақтамай, қағидалардың бұзылуына жол берген бірнеше тойхана иелері анықталды.
Мысалы, Сарыағаш ауданындағы елді-мекеннің бірінде орналасқан тойханада 80-нен астам тұрғын жиналып, бесік той өткізіп жатқандығы анықталды. Сонымен қатар одан бөлек екі тойхананың бірінде 150-ден астам адам жиналып, беташар болып жатса, енді бірінде 180 тұрғын жиналған сүндет той өткізілген. Аталған тойхана иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, Сарыағаш аудандық СЭББ-ға жолданды.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.