Сарыағашта бойжеткен танысының есепшотынан ақша жымқырып кетті
Сарыағашта бойжеткен танысының есепшотынан ақша жымқырып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданып келеді. Оның айтуынша, ұялы телефонын белгісіз біреу қолданып, ішіндегі банк қосымшасынан 70 000 теңгені жымқырған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастады. Сарыағаштық полицейлер қылмысты ашу үшін ұялы телефоннан ақшаның қайда аударылғанын іздейді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары тәулік ішінде күдікті ретінде танылған бойжеткенді анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті бойжеткен жәбірленушімен бірге тұратын тұрғын болып шықты. Полицейлер күдіктінің сөреде тұрған ұялы телефонын көріп, ішіндегі банк есепшотынан қарыз болған құрбыларына аударым жасағанын анықтады. Өз арам ойын жүзеге асырған бойжеткен қылмысын жасыру үшін ізін суытқан. Бүгінгі таңда полиция бөліміне жеткізілген күдікті өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Полицейлер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар жоғын анықтап, тергеу амалдарын жалғастыруда. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.